© 2009. Білім шапағаты
http://www.bsh.kz/news/1300438713.html
18-03-2011
Автор: Әйгерім ИЕБЕКОВА, Талдықорған - Ақын Сара - Талдықорған

ОҚУШЫ, ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛЕСІҢ БЕ?

2-28 ақпан аралығында Ескелді ауданында оқушы жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында айлық өтіп, осы айлықтың қорытындысы ретінде Ақын Сара ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде «Мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беру және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру» атты дөңгелек үстел болып өтті. Шараға Алматы облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары – Долаев Самғат Садырбайұлы, Ескелді аудандық білім, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы – Жақанова Шолпан Әбілқызы, мектеп директоры Бөгенбаев Мәлік Аумханұлы, газет журналистері, аудан мектептерінің мұғалімдері, психологтар қатысты.

Дөңгелек үстел «Танысайық», «Тұлғалық факторларды анықтау», «Аң.Жәндік», «Ашығын айтқанда» атты психологиялық тренингтен басталды. Тренингтың мақсаты – өзін-өзі тану, көңіл-күйді және эмоцияны реттейтін байланыс және өзара әрекеттесу мүмкіндігін қамтамасыз ету – дейді мектеп психологы Шынар Тілеулина.
Дөңгелек үстелде суицидтың алдын алу жолдары, тәрбие үрдісінде оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жасөспірімдер арасында бұзақылыққа кім кінәлі? – деген келелі сұрақтар талқыға салынды.
Дөңгелек үстел соңында қонақтар, аталған мектептің дарынды оқушылары әзірлеген көрмені көріп, концерт тамашалап көңілдерін көтеріп қайтты.
Мектеп директоры М.А.БӨГЕНБАЕВ:
Бүгінгі шараны өткен айлықты қорытындылау мақсатында не жасалды, қандай шаралар іске асты дегендей істеген жұмыстарды көрсетіп, ой бөлісу мақсатында өткізіп отырмыз.
Талантты педагог В.А.Сухомлинский «Қоғамды мазасыздандырып отырған құбылыстардың басты себебі – мектептегі оқу жылдарындағы зиялылық мұраттарының бишаралығы және қуыскеуделілігінің негізінде дамып отырған жас өспірімдер мен жастар арасындағы маскүнемдік, бұзақылық, уақытты мағынасыз өткізу» – деген екен. Сондықтан да, келешек ұрпағымыз ел тізгінін ұстар саналы азамат болып өсулері үшін оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру біздің басты мақсатымыз. Жасөспірімдердің білімі қалыпты болса да тәрбиесі жеткіліксіз болуының қоғамға тигізер кесірі мол. Қоғам өркендеп, заман көркейгенмен жаны азған, тілден, діннен безген, арбау мен алдау, кісі өлтіру мен ұрлық, әділетсіздік пен қайырымсыздық сияқты келеңсіз жағдайлардың кездесуі - ата-ана, мектеп, жұртшылық тарапынан тәрбиенің кеміс түсіп жатқанының айғағы. Сондықтан қазіргі таңда мектептің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі - білім берумен қатар тәрбие жүйесін жетілдіру, сол сияқты мектеп оқушыларына құқықтық білім беру болып табылады.
Мектеп оқушылары «Жағдаяттан шығу жолдары» атты балалар құқығына қатысты көрініс қойыды.
Көріністе: 9 сынып оқушылары Марат пен Аманжан жазғы демалыс кезінде ақша тапқысы келіп, отбасы жағдайларына байланысты жұмыс іздейді. Кәмілеттік жасқа толмаған балалар ата-аналарының рұқсат қағазын алып жүк тасымалдауға жұмысқа барады, рұқсат қағазды көрген жұмыс беруші бірден келіседі. Екінші көріністе: Алматы қаласының тұғыны Тәкенов Мәди «Иегова куәгерлері» атты діни сектаға қатысып, біраз уақыт өткен соң 12 жастағы ұлы Фархатты да тарта бастайды. Спорт үйірмесіне қатысқысы келген баласына «оның саған еш пайдасы жоқ, одан да мына діни кітапты жаттап ал, кешкісін сені дінімізді уағыздайтын мекемеге алып барамын, ал ертеңнен бастап мектепке бармасаң да болады, онда еш тәртіп жоқ» – дейді. Баласының тағдырына алаң бол-ған анасы бұған қарсы болады. Осы көріністер соңында, отбасылық заңда ата-аналарының өз балаларының құқығын бұзған үшін оларды жауапкершілікке тарту көзделген бе, кәмілетке толмаған жастарды ата-анасының келісімінің арқасында жұмысқа қабылдаған жағдайда жұмыс берушінің шешімі дұрыс па, еңбек заңын бұзудың қандай мысалдарын атай аласыздар? – деген сұрақтарды ортаға тастады. Бұл сұрақтарға төмендегідей жауаптар алдық.
Самғат САДЫРБАЙҰЛЫ:
Елімізде діни бірлестіктер саны өте көп. Атап айтар болсақ, «Иегова куәгерлері», «Новая жизнь», «Сәлем махаббат», «Сәлем Талдықорған», «Сәлем Алматы», «Сәлем Астана» т.б көптеген діни бірлестіктер бар екені белгілі. Соның ішінде тіпті мектеп жасындағы балаларға «Сен сабаққа барасың, сен сабаққа бармайсың» – деп өздері шешім қабылдайтындары да бар. Мәселен, «Адвентисты седьмого дня» деген діни бірлестіктің уағыз қабылдайтын күні – сенбі. Олардан бізге «сенбі күні біздің балалар сабаққа бармайды, оларды сабақтан босатып беріңіздер деген хат келді. Ал мемлекеттік бақылау комитетінің шешімі бойынша оқушы бағдарламасы алты күге бөлінген ал егер берілген сабақты бес күнге бөліп тастаса, ол оқушыға өте ауыр тиеді, олардың жүйкелері шаршайды, күйзеліске түседі. Әр діни бірлестікте әр бағыт әр түрлі. «Иегова куәгерлері» бастапқыда бір зал яғни 80 адам отыратын, бір жылдан кейін екі зал болды, екі жылдан кейін үш зал болды, уағызды түске дейін орыс, түстен кейін қазақ тілінде өткізеді.
ҚР заңында қандай азамат болсын, уағызды ұстанып жүрген азамат па, жоқ па конституция бойынша мемлекеттік стандарт белгілеген мөлшерде жалпы және қосымша білім алуға барлық оқушы құқылы. ҚР бала құқығын қорғау туралы заң бар, халықаралық құжаттарға жүгінетін болсақ, бала құқығын қорғау конвенциясы, басқа да құзырлы органдардың бұйрықтары бар. Бала құқығын қорғауда сексенге жуық құжат бар. Сондықтан сырттан күш көрсетіп, басқа жаққа бағыттау, заңды белінен басу болып табылады.
Ш.Ә.ЖАҚАНОВА:
Қазір барлық жерде «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты акциялары өтіп жатыр. Өткенде барлық мұғалімдерге еңбекпен қамту орталығымен бірлескен жұмыс жоспарын тараттып бердік.
Өмір болған соң неше түрлі жағдаяттар болады. Жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар барлық жерде, барлық елде бар екені белгілі. Ауданымыз бойынша жағдайы төмен отбасылардан шыққан 2627 оқушымыз бар. Осы оқушылардың жүз пайызы демеймін он пайызы жазғы демалыстарында ата-аналарына міндетті түрде көмектеседі. Ол ешкімге жасырын емес жайт. Ауданымызда қант қызылшасы, жуа сияқты еңбек түрлері бар. Өз тарапымыздан олардың еңбек уақытын шектеу үшін жұмыс жүргізудеміз, прокуратура, ішкі істер қызметкерлері бар, олар мұндай шараға міндетті түрде тыйым салып отырады. Уақыт бөліп, осы жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушылармен жұмыс жүргізуді қолға алу, жандандыру керек. Еңбектің ауыр түрлерінен балаларды алып қалу мақсатында оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет.
Самғат САДЫРБАЙҰЛЫ:
Қарасай ауданындағы «Алтын орда» базары, барахолка сияқты ірі сауда орталықтарында арба сүйреп, ауыр жұмысқа жегіліп жүргендердің біразы балалар. Өзіміздің Талдықорғанда да көлік жуу, жаңа жағар май құю станциясында болсын, «газель» қоғамдық көліктеріндегі «посадчиктер» болсын қабырғалары қатаймаған оқушылар. Баланы жұмысқа қабылдау үшін бір ғана ата-ана келісімі аз, заң бойынша бала бірінші он төрт немесе он алты жасқа толу керек, оның өзінде таң ертеңнен түске дейін ғана күніне 6 сағат деген сияқты өзінің белгіленген жұмыс уақыты бар. Ауыр жұмыс жасатып күніне 500 теңге ғана бере салу баланы қанау болып табылады. Ал осыған «мынауың заңсыз» – деп жөн айтатын ауылдағы ең бірінші интеллигент – ұстаздар, сондықтан да құрметті ұстаздар, ыңғайын тауып, сабақтын тыс ата-аналар жиналасында осы мәселені қолға алсаңыздар екен.
Қазақстан бойынша Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облыстары балалардың еңбегін көп пайдаланатын аймақтар болып табылады. Оңтүстік Қазақстан мақтамен, ал Алматы облысы Еңбекшіқазақтағы темекімен. Сондықтан біздің облысымызға ұдайы тексеру келіп тұрады осы жақында шет елден де, халықаралық еңбек ұйымынан да тексеру келіп кетті.
Мектеп психологы
С.Т. АБДРАХМАНОВА:
Дүниежүзіндегі жастар арасындағы суицидтік әрекеттер соңғы он жылдық ішінде екі есе жиіледі, 14-24 жас аралығындағы адамдардың 30 пайызы өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойласа, ұл балалардың 6 пайызы, қыз балалардың 10 пайызы суицидтік әрекеттер жасайды екен. Мамандар, жас өспірімдердің суицид әрекетінің 10 пайызы өз өмірін қиюды көздесе, 90 пайызы өзіне назар аудару мақсатында жасалынады деп санайды. Есеп мәліметтеріне сүйенсек соңғы бес жылда өздігінен 14157 кәмілеттік жасқа толмаған жастар өлген екен. Оған жеке басының трагедиясы, өмір алдындағы қорқыныш, тығырықтан шығар жолдың табылмауы әкеп соғады. Суицид жасаған жастардың 62 пайызының басты себептері: отбасындағы даулар мен сәтсіздік, ата-аналарының ажырасуы, ересектердің зорлық пен зомбылығы алдындағы қорқыныш, сыныптастары, достарымен болған қақтығыстар, айналасындағылардың қатыгездігі мен немқұрайлы көзқарасы.
Ежелгі Грецияда өзін-өзі өлтіру – тек өлім жазасына кесілгенда ғана орындалған. Орта ғасырдағы Еуропадағы өзіне қол жұмсаушылықты бұзақылыққа теңеген. Данияда өзін өлтірген адамның денесін есіктен емес терезеден шығарып, денесін өртеп мәңгі тозақ отына деп түсінген. АҚШ-та ХІХ ғасырда өзіне қол жұмсап, тірі қалғандарды 20 жылға соттаған екен.
Самғат САДЫРБАЙҰЛЫ:
Суицидтке алып баратын жол деп – жауапсыз махаббат, әлеуметтік жағдай, ата-анасымен келіспей қалу, мұғаліммен ренжісіп қалу, көршісімен келіспей қалу, деген сияқты көптеген жайттарды атап жатырмыз. Мәселен, мынандай жағдай болды, былтыр 6 сынып оқушысы қайтыс болар алдында «Мен Гүлмира апайдан қорқамын!» деп жазып кетіпті, ал Гүлмира деген оның көршісі екен, 4 сыныпта оқитын оның баласын соғып тастапты, «мен сені директорына айтамын, жанынды шағарамын!» деген көрші апайының сөзі әсер етті әлде басқа бір жағдай түрткі болды ма, бала сол күні кешке асылып қалған екен. Соңғы кездері мұндай жағдайлар өте көптеп кездесетіні белгілі, мектеп директоры 11 сыныпта оқитын қызға қол көтеруге болады ма?! «Жетпегір, оңбаған!» – деп бетінен шапалақпен ұрған, ал ол қыз барып асылып қалған. Сондықтан, балалар, жас өспірімдер қиын жағдайға тап болған жағдайда өздері аяқ асты шешім қабылдай салмай кеңес, көмек сұраулары үшін «сенім телефондарын» көбейткен дұрыс. Алматы облысы бойынша 150 деген тегін сенім телефоны бар, операторлары – психолог, заңгер, педагог мамандар.

Дөңгелек үстел аясында бала құқығы жайында аз ғана мәселелер қозғалды. Ал, елімізде қаншама оқушыларымыздың құқықтары тапталып жатыр. Біздің жеткіншектер өз құқықтары мен міндеттерін біле ме екен?!



Информация распечатана с сайта www.bsh.kz в 05:19 24-04-2014
Использование материалов возможно с сохранением активной ссылки на автора и издание.