© 2009. Білім шапағаты
http://www.bsh.kz/news/1284093819.html
10-09-2010
Автор: Г.Ә.ШІЛІКБАЕВА, Қалжат орта мектебі, Ұйғыр ауданы

«ЕР ЕСІМІ - ЕЛ ЕСІНДЕ...»

Мақсаты: Ұлы Отан соғысындағы аталардың ерлік істерін ,Бауыржан Момышұлының өмірін ,ерліктерін ,бізге қалдырған тағылымдарын оқып үйреніп, балаларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер:Бауыржан Момышұлының портреті, «Балауса » қабырға газетінің кезекті саны, «Атамды мақтан етемін» балалардың аталары туралы шығармашылық жұмыстары, сыныпты безендіру.
Жоспар: І. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
ІІ. Негізгі бөлім: 1. Ұлы жеңіс жолында /баяндама /
а.Жеңісті жырлаймыз/тақпақтар/
ә.Бейбітшілік туы-берік қолда/ән/
2.Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл
а.Өмірдерек /баяндама/
ә.Арнау/Темірше Сарыбайұлы «Бауыржан»/
3.Бауыржан Момышұлы –қайсар командир,жетік стратег,асқан тактик /баяндама/
4.Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясының ерліктері/тақпақтар/
5.Бауыржан Момышұлы - заңғар жазушы/баяндама/
6.Атамды мақтан етемін/Балалар шығармашылығы/
ІІІ.Қорытынды: а.Бауыржан ата туралы естеліктер/қонақтар/
ә.Бауыржан атаның нақылдары.
Ердің туы — намыс.
- Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады.
- Еділ Ердің тобығынан келмейді.
- Жаныңнан күдер үзе соғыспасаң, жауды күйрете алмайсың.
- Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік — жігіттің қасиеті.
- Жауды өлтірсең — өлімнен қүтылдың, өлтірмесең — өлімге тұтылдың.
- Атақ - ерге сауға, олжа - елге сауға, олжа — елдікі, оған тимегін.
- Қырағының өзі де, көзі де батыр.
Өмірдерек
Бауыржан Момышұлы (1910-1982) - екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы.
Туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені.
Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, Бауыржан даңқты генерал майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 ат-
қыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-сау алып шығады. Москва түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.
Соғыстан кейін Бауыржан Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери педагогикалық жұмыспен айналысып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.
Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ –ҚАЙСАР КОМАНДИР,ЖЕТІК СТРАТЕГ, АСҚАН ТАКТИК.
Жас сардар Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбінің қалың қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды бұзып, жалпы саны 207 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, 27 рет әскери ғалымдардың айтуынша, соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасады. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болумен қоса, сұңғыла психолог та еді.
Момышұлы өмірбаянының осы ең жауапты кезеңінде Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше орын алады. 1941 жылы қазанның он бесі күні таң атар-атпастан панфиловшылардың И.В.Капров басқарған 1073-полктың қорғаныс шебіне фашистер шабуылын тынымсыз қайталай берді. Алған жолынан, айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар командир Бауыржан роталардың соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды бас-
қара білді. Алайда аласапыран қысылшаң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соқты.
Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасады. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарды. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарды. Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырды. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырды. Қалың қарағайлы тоғай іші қар. Жауынгерлер шаршады. Әйтсе де табанды төзімділік көрсеткен батальон екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шықты. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспапты. Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В.Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алды. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қақты.
Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерін қырды, көптеген техникасын жойып жіберді.
Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан небір қасиетті сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін керемет білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.
Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.
Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды.



Информация распечатана с сайта www.bsh.kz в 17:13 23-04-2014
Использование материалов возможно с сохранением активной ссылки на автора и издание.